Ақпарат

Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы облыс аумағының кеңістіктік деректері мен электрондық карталарын көрсетуге арналған өңірлік геоақпараттық жүйе болып табылатын геопорталды әзірледі. Портал мемлекеттік органдарға, бизнеске және халыққа жер учаскелері, инфрақұрылым және қала құрылысы деректері туралы ақпаратқа қолайлы қол жеткізу мақсатында жасалған. Жүйе географиялық ақпаратты орталықтандырылған түрде сақтауды және жаңартуды қамтамасыз етеді, бұл өңірдің аумақтық дамуын басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Геопорталда Семей, Аягөз, Курчатов, Шар қалаларының, аудан орталықтарының және басқа да елді мекендердің цифрлық карталары орналастырылған. Жүйеде әртүрлі геоақпараттық қабаттар ұсынылған, олардың ішінде жер учаскелері, ғимараттар мен құрылыстар, көше-жол желісі, инженерлік коммуникациялар, бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және басқа да қала құрылысы регламенттері бар.

Порталдың интерактивті картасы пайдаланушыларға нысандарды іздеу, жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік объектілері туралы атрибутивтік ақпаратты қарау мүмкіндігін береді.

Геопортал жергілікті атқарушы органдардың геоақпараттық порталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленген.

Сонымен қатар, осы геопорталда жер учаскелерін онлайн бағалау модулі орналастырылған, ол анықтамалық режимде жер учаскелерінің кадастрлық бағалау құнын есептеуге, сондай-ақ жер салығы мен жалдау ақысының мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.